
Нархоз Колледжінің студенттері Central Asia Fintech Summit 2026 саммитіне қатысты
11 қыркүйекте Алматы қаласында қаржы технологиялары мен қаржы секторындағы цифрлық трансформацияға арналған Central Asia Fintech Summit 2026 өңірлік саммиті өтті.
Саммитке банк секторының басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері, қаржы институттары мен финтех-компаниялардың жетекшілері қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Тимур Сүлейменов, Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Бинур Жаленов, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрайымы Мәдина Әбілқасымова, Қазақстанның Ұлттық төлем корпорациясы Басқармасының Төрайымы Жанар Самаева, «Астана» халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Ренат Бектұров, сондай-ақ Mastercard, Kaspi Bank, Halyk Bank, Yandex Qazaqstan, Binance Kazakhstan және басқа да компаниялардың өкілдері болды.
Саммит аясында төлем инфрақұрылымын дамыту, цифрлық активтер мен экономиканы токенизациялау, жасанды интеллект, Open Banking, мемлекеттік цифрлық сервистер, киберқауіпсіздік және алаяқтықпен күрес мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Қазақстанның қаржы нарығы мен финтех-индустриясының алдағы даму перспективалары қарастырылды.
Іс-шараға Narxoz College-тің БД-331, ACC-331 және УиА-331 топтарының студенттері қатысты. Студенттер сарапшылардың баяндамалары мен панельдік сессияларға қатысып, қаржы технологияларының қазіргі бағыттарымен және Қазақстан финтех-нарығының даму перспективаларымен танысты.