
Narxoz Business School-де MOTIVATION DAY
Narxoz Business School-де күн сайын білім беру ортасын қалыптастырып, студенттерге бағыт-бағдар беріп, олардың әлеуетін ашуға үлес қосып жүрген оқытушыларға арналған MOTIVATION DAY іс-шарасы өтті.
Бұл кездесу күнделікті оқу үдерісінен бір сәт алыстап, әріптестермен жүздесуге, өзекті мәселелерді талқылауға және кәсіби қызметте қолдануға болатын жаңа тәсілдермен танысуға мүмкіндік берді.
Іс-шара барысында колледждің бас директоры Мақсат Серікболұлы Абайдуллаев қатысушыларға құттықтау сөзін арнады.
Бағдарламада оқытушы қызметіне тікелей қатысты маңызды тақырыптар қамтылды. Атап айтқанда, азаматтық қорғаныс және өрт қауіпсіздігі, студенттермен сенімді қарым-қатынас орнату, педагогикалық беделді қалыптастыру және тиімді коммуникация мәселелері талқыланды.
Кездесудің ерекше бөлімдерінің бірі «Өмір тепе-теңдігінің дөңгелегі. Мақсат қою техникасы» атты тренинг болды. Себебі оқытушының жұмысы тек сабақ өткізу, дәріске дайындалу және студенттермен қарым-қатынас орнатумен шектелмейді. Бұл – сонымен қатар үздіксіз ізденіс пен өзін-өзі дамытуды талап ететін қызмет. Тренинг барысында қатысушылар өз басымдықтарын саралап, жеке мақсаттары мен алдағы даму бағыттарын айқындауға мүмкіндік алды.
Бағдарлама интеллектуалды Quiz ойынымен жалғасты. Қатысушылар білімдерін ортаға салып, командалық сайыста бақ сынап, әріптестерімен бейресми форматта пікір алмасты.
MOTIVATION DAY – ең алдымен, білім сапасының негізін қалыптастыратын оқытушыларға арналған кездесу. Біз үшін оқытушылардың кәсіби дамуына жағдай жасау, олардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік беру және жаңа идеяларын жүзеге асыруға қолдау көрсету маңызды. Өйткені білім беру саласындағы әрбір оң өзгерістің артында өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, үнемі ізденетін және дамуға ұмтылатын мамандар тұрады.