
Narxoz College-де AI CAREER LAB бағдарламасы іске қосылды!
Жасанды интеллект еңбек нарығындағы мамандықтарға қойылатын талаптарды өзгертіп, жұмыс үдерістеріне жаңа мүмкіндіктер енгізіп келеді. Бүгінде ЖИ құралдарын пайдалану ғана емес, оларды нақты міндеттерді шешуге бейімдеу, автоматтандыру жүйелерін құру және өз ЖИ агенттерін әзірлеу дағдылары да маңызды бола бастады.
Осы бағытта Narxoz College студенттерге арналған AI CAREER LAB бағдарламасын іске қосты. Жобаның негізгі мақсаты – студенттерге жасанды интеллектпен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын үйрету және ЖИ агенттерін өз бетінше құрастыруға мүмкіндік беру.
Бағдарламаға іріктеу нәтижесінде 50 студент қатысады. Қатысушылар жасанды интеллект агенттерін әзірлеуді, жұмыс үдерістерін автоматтандыруды, заманауи цифрлық құралдарды пайдалануды және оларды өздерінің кәсіби бағыттарында қолдануды меңгереді.
AI CAREER LAB бағдарламасының ерекшелігі – оның белгілі бір мамандықпен шектелмеуінде. Себебі жасанды интеллектті ақпараттық технологиялардан бастап экономика, қаржы, маркетинг, менеджмент және басқа да салаларда қолдануға болады. Студенттер алған білімдерін өз мамандығының міндеттерімен байланыстырып, нақты шешімдер әзірлеуге машықтанады.
AI CAREER LAB – студенттерге технологияны тұтынушы ретінде ғана емес, оны өз қажеттілігіне сай құрастыра алатын маман ретінде қалыптасуға жол ашатын бастама.
Narxoz College заманауи білім беру бағыттарын дамыту арқылы студенттердің кәсіби дайындығын еңбек нарығының жаңа талаптарымен ұштастыруды жалғастырады.